Ақмола облысында KAZAKH INVEST семинары өтті
АҚ «ҰҚ «KAZAKH INVEST» Ақмола облысының бизнес-қауымдастығы үшін семинар ұйымдастырды. Бұл шара өңірдегі инвестициялық қызметті дамыту перспективалары мен мемлекеттік қолдау шараларын талқылауға арналған маңызды алаңға айналды.
Семинар спикерлері ретінде «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ, «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ, «Қазақстанның Экспорттық-кредиттік агенттігі» АҚ, «Qazastan Investment Corporation» АҚ, «Сауда саясатын дамыту орталығы» QazTrade АҚ, «Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ және «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері сөз сөйледі. Сондай-ақ, іс-шараға шағын және орта бизнес өкілдері, ірі инвесторлар және мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.
Ақмола облысы әкімінің орынбасары Ернар Жаркешов құттықтау сөз сөйледі. Ол өңір экономикасының тұрақты өсіп келе жатқанын және бұл өсімге жеке инвестициялар елеулі үлес қосып отырғанын атап өтті. Тек ағымдағы жылдың өзінде өңірге салынған инвестиция көлемі шамамен 400 млрд теңгені құрады, оның 65%-ы жеке секторға тиесілі. Әкімнің орынбасары кәсіпкерлерді жаңа жобаларды іске асыруға белсенді қатысуға шақырып, жеке бизнес экономиканы дамытудың қозғаушы күші екенін баса айтты.
Семинар барысында KAZAKH INVEST компаниясының Сервистік қолдау департаменті директорының орынбасары Марат Есенов сөз сөйледі. Ол Қазақстанның қазіргі инвестициялық саясаты туралы жан-жақты айтып, инвесторларды қолдаудың негізгі құралдарын таныстырды. Ерекше назар Инвестициялар туралы келісімнің тетігіне, Ұлттық цифрлық инвестициялық платформаның енгізілуіне және «Прокурорлық сүзгі» мен «Жасыл дәліз» аясындағы прокуратура органдарымен бірлескен жұмыстарға аударылды.
KAZAKH INVEST компаниясының Жобалар менеджері және «Бір терезе» тобының жетекшісі Газиза Абдинабиева әріптесінің баяндамасын толықтырып, инвестициялық преференциялар мен инвестициялық омбудсменнің жұмысы туралы ақпарат берді. Ол мемлекеттің тек инвесторларды тартуға ғана емес, олардың бастамаларын жүзеге асыру жолындағы кез келген кедергілерді еңсеруде нақты қолдау көрсетуге ұмтылатынын атап өтті.
Семинар бағдарламасына теориялық бөлімнен бөлек өңірдің негізгі өндірістік нысандарына бару да кірді. Делегация ауыл шаруашылығы техникасын шығаратын «Kazrost Engineering» зауытына және сүт өнімдерін өндіруге маманданған «ГорМолЗавод» ЖШС кәсіпорнына барды. Бұл компаниялар инвестицияның өңір экономикасын жақсартуға, жаңа жұмыс орындарын құруға және жергілікті өнеркәсіпті дамытуға қалай ықпал ететінінің жарқын мысалы болды.
Семинар сонымен қатар кәсіпкерлердің өз мәселелері мен ұсыныстарын ашық талқылауына мүмкіндік беретін диалог алаңына айналды. Даму институттарының өкілдері бизнес-қауымдастықты мұқият тыңдап, барлық түскен сұрақтар оңтайлы шешімдер табу үшін қаралатынын атап өтті.
Іс-шараның қорытындысы бойынша қатысушылар осындай кездесулердің мемлекеттік құрылымдар, бизнес және инвесторлар арасындағы тиімді өзара іс-қимыл қалыптастыруда маңызды рөл атқаратынын атап өтті.